Алматыда детектив және шытырман оқиғалар кеңесін құру туралы қарар қабылданды
Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, журналист Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция жұмысына ТҮРІКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов, Қырғызстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, детектив жанрының әйгілі жазушысы Дмитрий Шестаков, танымал отандық жазушылар Дулат Исабеков, Ахметжан Ашири, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Әбдезұлы, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Жаңғара Дәдебев және тағы басқа қаламгерлер қатысты.
Алқалы жиын барысында 20-дан астам отандық және шетелдік спикерлер баяндама жасады.
Сарапшылар мен ғалымдар саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, әдебиетіміздің алтын қорын классикалық шығармалармен байытқан әрбір тұлғаға тағзым ету, олардың шығармашылығын зерттеу мен зерделеу, қалың жұртшылыққа насихаттау азаматтық міндет екенін атап өтті.
«Ұлт әдебиетін тоқырауға ұшыратпай, мейлінше, дамытып, жаңа биікке көтеру, жаңа көкжиекке шығару – қалам ұстаған әрбір жазушының абыройлы міндеті, асыл парызы.Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалап, тыңға түрен салған жазушы – Кемел Тоқаевтың шығармалары әлдеқашан халықтық қазынаға айналған. Кемел Тоқаев шығармашылығы әлі де терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететіні сөзсіз. Шығармалары ұрпақ алмасқан сайын қайыра басылып келе жатқан жазушының қаламынан туған туындылар алдағы уақытта да әдебиет зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарына негіз бола бермек»,- деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Талқылау қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар, Кемел Тоқаев негізін қалаған қазақ детектив жанрының әрі қарай дамуына жол ашу, осы жанрда қалам тартып жүрген жазушыларға жағдай жасау туралы қарар қабылдады.
«Қазақстан Жазушылар одағы детектив және шытырман оқиғалар кеңесін құрып, оның жаңа бағдарламаларын жасайды. Бұл бастаманы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тиісті мекемелермен бірге атқаруды өз міндетіне алады. Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры мен Жазушылар одағы бірігіп ұйымдастырған «Кемел қаламгер» – әдеби шығармашылық бәйгесі биыл өте жақсы нәтиже берді. Енді осы игі бастаманы жыл сайын өткізіп тұруды қолға аламыз. Ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғаларымыздың рухы мен мәңгі өлмес мұралары халқымызбен бірге жасай берсін»,- деді Мереке Құлкенов.