Алматыда дизельмен жүретін қанша автобус бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Осы жылдың соңына дейін Алматы әкімдігі қалалық бағыттарда жүретін дизельдік автобустар паркін толығымен жаңартуды жоспарлап отыр. Қазір олардың саны – 1 534.

– Қазір Алматы қаласы мен қала маңындағы бағыттарда 2 718 автобус пен троллейбус жүріп жатыр. Жалпы алғанда 3 488 техника бар. Оның 1 534-і дизельмен жүретін автобус, - деп жауап берді Kazinform агенттігінің ресми сауалына қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов.
Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін қоғамдық көліктің экологиялық таза түрлеріне толық көшіруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қала бағыттарында жүретін дизельдік автобустарды жаңарту жоспарға енгізілген.
– Осыған байланысты биыл жергілікті бюджет қаражатына газбен жүретін 600 автобус пен 200 электрмен жүретін автобус сатып алынады. Жеке тасымалдаушылар да газбен жүретін 800-ге жуық автобус пен 100-ден астам электр автобус сатып алуды жоспарлап отыр, - деп қосты Асан Бостанов.
Осыған дейін Ерболат Досаев Алматыда дизельді автобустарды сатып алуға тыйым салынатыны туралы айтқан болатын.
Айта кетейік, Алматыда 18 қаңтардан бастап жаңа электр автобустары №98 бағытта жолға шықты.