Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың идеясы жүзеге аспақ
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театр ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аясында кіреберісіне мәрмардан жасалған панно орнатылмақ.

Әуезов аудандық әкімдігі мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер Н. Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын қайта жаңғырту жұмысымен танысты.
Театрдың кіреберісіне мәрмардан жасалған панно қою — Дінмұхамед Қонаевтың идеясы.
Жобаның жетекшісі Асқар Сағындықовтың айтуынша, жұмыс кезінде тарихи ғимараттың маңыздылығы ескерілген. Тарихи архитектуралық элементтер, оның ішінде мозаикамен жасалған барельеф, баспалдақтар мен қанаттар, чехословак люстралары қалпына келтірілмек. Бұл аспалы шамдар бөлшектеліп, қайта қалпына келтіру үшін жөндеуге жіберілді.
— Жобаны әзірлеу барысында Д.Қонаев жасаған жобаны тауып алдық, онда кіреберісіне мәрмар панно орнатуды жоспарлапты. Бірақ 15 жыл бойы оны іске асыра алмаған. Біз осы концепцияны қалпына келтіріп, толық жүзеге асырғалы отырмыз, — деп атап өтті ол.
Жаңартудан кейін театрдың сыртқы келбеті де, іші де айтарлықтай өзгереді. Жертөле мен техникалық қабат кеңейетіндіктен, ғимараттың жалпы ауданы 9 800 шаршы метрден 14 680 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Бірақ көрерменнің орын саны 781-ден 744-ке дейін қысқарады, себебі жайлы орындық орнатып, қатардың арасындағы жолды едәуір кеңейткен.
Театр аумағында жаңа Black Box форматына сай кіші сахна ғимараты да салынып жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы 10 500 шаршы метр, 220 орындық болады. Бұл кеңістік түрлі форматтағы спектакльдерге бейімделіп, түрленіп отырады. Кіші сахна негізгі ғимаратпен жабық өткел арқылы байланысады, бұл тарихи бөлікті жаңарған кеңістікпен біріктіреді.
Жобаның жалпы құны 23,9 млрд теңге, жаңа ғимараттың алаңы 10 559 шаршы метр. Қазір жұмыстар 56%-ға, жаңа сахнаға арналған жердегі жұмыс 65%-ға аяқталды. Барлық құрылыс және іске қосу жұмыстарын 2026 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Н.Сац атындағы театр қалай жаңаратынын жазғанбыз.
Бастапқыда қалпына келтіру жобасының құны 21,7 млрд теңгеге бағаланған болатын, кейін бұл мақсаттарға 24 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.