Алматыда дрифт жасаған кезекті жүргізуші жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «BMW» автокөлігінің жүргізушісі түнгі уақытта жол ережелерін өрескел бұзған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі сағат 3 шамасында ол көшеде дрифт жасап, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғамдық тыныштықты бұзған.
– Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Жүргізушіге қатысты бірден 6 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар рәсімделді, - деп хабарлады департаменттен.
Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылған. Ал жүргізуші сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.
Бұған дейін де Алматыда қауіпті дрифт жасаған жүргізушілер ұсталғанын жазғанбыз.
Еске салайық, 2026 жылдың 21 наурызында Алматыда болған жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұл іс қаралып жатыр.