Алматыда дүкен өртеніп, 5 адамға медициналық көмек қажет болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Алматы қаласы Түрксіб ауданы Хасанғалиұлы көшесінде өрт болды. Хабар түскен бойда ТЖМ күштері оқиға орнына жіберілді.

Алматыда өрт болып, бес адамға медициналық көмек қажет болды
Фото: Видеодан скрин

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына келген кезде жалпы аумағы 80 ш. м. шаруашылық құрылысы мен алдын ала мәлімет бойынша дүкеннің өртеніп жатқаны анықталды.

— Қабылданған жедел шаралардың арқасында өрт сөндіріліп, оның жақын маңдағы жеке тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді. Өрт ошағынан 3 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Өртті толық жою үшін ғимараттың шатыры ашылып, су төгу жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнында ТЖМ-ның 31 қызметкері және 8 техника жұмылдырылды. Медициналық көмекке 5 адам жүгініп, барлығы қалалық ауруханаларға жеткізілді, — делінген хабарламада.

Құтқарушылар қысқы кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. 

Бұдан бұрын Алматы әуежайында өзін өртемек болған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар