Алматыда дзюдодан жастар арасында Азия кубогы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Құрлықтық бәсеке 3-6 шілде күндері «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өтеді деп белгіленген.

Жасөспірімдер мен жастар арасында жарыс Бекет Махмұтовты еске алуға арналады. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ливан, Моңғолия, Халықаралық дзюдо федерациясының құрамасы және АҚШ елдерінен 700-ге жуық татами шебері қатысады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Азия кубогы аясында төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған халықаралық семинар өтеді. Семинарға Польша, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Үндістан, Иран, Нидерланд, Жапония және Сауд Арабиясынан 80 төреші қатысады.
Құрлықтық бәсекеде 3-4 шілде күндері жасөспірімдер сынға түссе, 5-6 шілдеде жастар жүлделерді сарапқа салады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы дзюдодан әлем чемпионатын бір медальмен аяқтады.