Алматыда екі адамды пойыз қағып кетті: көлік полицейлері қазақстандықтарға үндеу жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жыл басынан бері еліміздің темір жолында 39 адам жарақат алды, оның ішінде балалар да бар. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев мәлім етті.

железная дорога, поезд
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, қайғылы жағдайлар көбінесе азаматтардың темір жолда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан болады. Әдетте, белгіленбеген жерлерден темір жолды кесіп өту, асығыстық, немқұрайлылық, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлерді, жерасты және арнайы өткелдерді пайдаланбау осындай жағдайларға әкеп соғады.

– Жуырда Алматыда пойыз екі адамды қағып кетті. Қайғылы оқиға адамдардың белгіленбеген жерде теміржолдан өтуге әрекеттенуі салдарынан болды. Аталған деректер бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл оқиғалар теміржол маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді, – деді ол.

Жыл басынан бері осындай 39 факті тіркелді, оның жартысынан көбі адам өлімімен аяқталды. Олардың арасында кәмелетке толмаған және кішкентай балалар да бар.

–Теміржол көлігі инфрақұрылымында бөгде тұлғалардың болуы олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, теміржол жолаушылары мен қызметкерлерінің қауіпсіздігіне, жүктердің тұтастығына және жалпы қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анық, – дейді полицей.

Ол азаматтарды мейлінше қырағы болуға және теміржолдағы тәртіп ережелерін мүлтіксіз орындауға шақырды.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ата-аналардан балаларына теміржолдың ойнайтын жер емес екенін барынша түсіндіруді сұрайды.

Өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін мынаны есте сақтаңыз:

- теміржолды арнайы белгіленген және жабдықталған жерлерден ғана және жүріп келе жатқан пойыз, локомотив немесе вагондардың жоқтығына толық көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өтіңіз;

- станциялар мен айналымдарда вагондардың астынан өтпеңіз немесе автоматты қосқыштардың үстінен секірмеңіз;

- сонымен қатар, темір жолдан өтерде құлаққап пен ұялы телефонды пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Теміржолда жеке қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін бұлжытпай орындау арқылы сіз өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтай аласыз.

Маусым айының соңында Алматы маңында пойыз екі адамды басып кеткен болатын.

 

Соңғы жаңалықтар