Алматыда екі ер адамнан 190 sim-карта мен sim-box құрылғысы тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – ІІМ отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ел аумағында алаяқтық қызметтің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 

Алматыда екі ер адамнан 190 sim-карта мен sim-box құрылғысы тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Республиканың аумағында түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін интернет-алаяқтар sim-box құрылғыларын пайдаланады.

Адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті. Олар жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет-трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. 

Жаңа жыл қарсаңында ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен Алматы ПД полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде sim-box құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен 25 жастағы екі жігітті ұстады. Жедел уәкілдер пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және қазақстандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефон мен ноутбуктарды тәркіледі.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандарға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. 

Соңғы жаңалықтар