Алматыда екі қабатты ғимарат толығымен жанып кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда екі қабатты ағаш коттедж жанып кетті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда 8 маусымға қараған түні ағаштан салынып жатқан екі қабатты ғимараттан өрт шықты.
— 600 шаршы метр аумақты қамтыған қызыл жалын толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ өрт сөндірушілер отқа оранған үйден үш газ баллонын шығарып, жарылыстың алдын алды. Ол ағаштан салынғандықтан, қызыл жалынды ауыздықтау қиындық туғызды.
Осыған дейін Алматыда газ-ауа қоспасы жарылып, ер адам қаза тапқан еді.
Еске салайық, 23 мамыр Алматы облысы Қарасай ауданының Жібек Жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін өндіру цехының аумағында жарылыс болып, артынша өрт шыққаны туралы жазған едік.
Кейін денесінің 70–80% күйік шалған төрт адамның да ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.