Алматыда екі мыңға жуық түлек ҰБТ-дан бас тартты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда биыл мектеп бітірген 17 мыңнан астам түлектің 2 мыңға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайды. Олардың көбі шетелдік жоғары оқу орындарын таңдаса, бір бөлігі халықаралық университеттердің филиалдарына түсуге және колледжде білім алуға ниетті. 

ҰБТ
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл туралы Алматы білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев айтты. Оның мәліметінше, қалада 360 мектеп жұмыс істейді, онда 357 225 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде 314 456 оқушы тіркелсе, жекеменшік мектептерде 42 769 бала оқиды.

Биыл 17 187 түлек 11-сыныпты тәмамдады.

— 2026 жылы Алматыда 15 251 түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Олардың басым бөлігі — 8 684 адам тестілеуді қазақ тілінде тапсырады, 6 566 түлек орыс тілін таңдап отыр, — дейді Сәкен Аралбаев.

Сонымен қатар 1 990 түлек ҰБТ-ға қатыспайды. Оның негізгі себебі — шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі. Бұдан бөлек, 342 оқушы шетелдік университеттің филиалына ішкі қабылдау емтиханының нәтижесі бойынша түсуді жоспарласа, 169 түлек колледжде білім алуды таңдаған. Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттілігі бар 235 оқушы тіркелген.

Еске салайық, бұған дейін 385 талапкер тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін ҰБТ-дан шеттетілгенін хабарлағанбыз.