Алматыда еліміздегі алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында Almaty Digital Medical Center – Қазақстандағы тұңғыш Цифрлық медицина орталығының ашылу рәсімі өтті.

Жоба Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Цифрландыру басқармасы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды. Цифрлық медицина орталығының директоры Василий Мясняковтың айтуынша, орталық денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын және тиімдігін арттыру мақсатында құрылды. Мұнда цифрлық қызметтер беске бөлінген. Олар: ақпараттық-талдау орталығы, бірыңғай байланыс орталығы, телемедициналық патронаж, жасанды интеллект негізіндегі виртуалды дауыстық көмекшілер және телемедицина қызметі.

- Біз бұл салада көптен бері жұмыс істеп келеміз және дәрігерлерге жедел сараптама, қолдау құралдарының жиі жетіспейтінін байқадық. Пациенттерге медициналық ұйымдармен ыңғайлы байланыс, жедел жауаптар жетіспейді. Жалпы қалаға денсаулық сақтау жүйесін орталықтандыратын орталық қажет болды. Сондықтан Almaty Digital Medical Center құрылды. Ол қазір де, болашақта да Алматы қаласының тұрғындарына көп пайда әкеледі деп үміттенеміз. Оның ішінде ақпараттық-талдау орталығы жасанды интеллект көмегімен есептілікті қалыптастырып, өңірдің ауқымды медициналық дерегін өңдеу сапасын арттырады. Мамандар денсаулық көрсеткіштерін онлайн режимде бақылап, талдайды және деректі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жолдайды, – деді ол.

Одан бөлек Василий Мясняков бірыңғай байланыс орталығының 1312 нөмері қала бойынша барлық қоңырауды қабылдайтынын атап өтті. Айтуынша, байланыс орталығына хабарласқан науқастар дәрігерге жылдам жазылып, сұрақтарына жауап ала алады. Соның арқасында емханалардағы дәрігерлер мен қызметкерлер қоңырауға алаңдамай, алдындағы пациентке көбірек көңіл бөледі.

- Барлық өтініш жинақталып, жүйеленіп, маңыздысына басымдық беріледі. Біздің қызметкерлер қажетті кеңес береді. Егер жедел сұрақ болса, олар пациент тіркелген емханадан мобильді бригаданы шақыра алады. Бұл жүйе ретке келтірілген, – деді ол.
Ал телепатронаж аясында маман науқасқа қоңырау шалып немесе онлайн кеңес беріп, жағдайын бақылайды. Сондай-ақ дәрі қабылдауын еске салады және дәрігерге баруды қадағалайды. Күрделі жағдай бойынша жедел шешім қабылдау үшін телемедициналық консилиум өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай тәсіл кезекті қысқартып, маусымдық аурудың таралу қаупін азайтады.

- Біздің орталықта жасанды интеллектке негізделген дауыстық көмекші де бар. Ол пациентті скринингке, вакциналауға, флюорографияға автоматты түрде шақырады, қабылдау уақыты туралы еске салады және нәтижесін тіркейді. Бұл сервис медициналық қызметкерлерді күнделікті қоңырау шалудан біршама босатады. Мысалы, тек флюорографияға шақырылатын адамдар саны – 545 мың тұрғын. Бұл жұмысты енді жасанды интеллект атқарады, – деп атап өтті директор.

Ал телемедицина бөлімінің басшысы Шырын Нұрахметова телемедицина қызметінің ерекшеліктеріне тоқталды. Айтуынша, бұл қызмет 2020 жылдан бері бар. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде қала әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен іске қосылған.
- Бастапқыда мақсаты – үй жағдайында коронавирус жұқтырған науқасты қашықтан бақылау еді. Бүгінде орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Атап айтқанда, 1312 нөмірі арқылы тұрғындар өтінішін қабылдайды, оларды құзыретіне қарай бағыттайды, жалпы медициналық кеңес береді және қаладағы медициналық ұйым, дәріхана, зертхана және жеке орталықтар туралы ақпарат ұсынады. Күн сайын орталық мамандары жедел жәрдем шақыртуынан кейін үйде қалған шамамен 1500 науқасқа хабарласып, жағдайын тексереді. Сонымен қатар жүкті әйелдерге, босанғандарға және балаларға мониторинг жүргізеді, – деді Шырын Нұрахметова.

Орталықта бүгінгі күні барлығы 80 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы жылдар мұнда телепатронаждың жаңа бағыттарын қосу, барлық мемлекеттік медициналық ұйымды бірыңғай байланыс орталығына көшіру, дауыстық көмекші қызметін дамыту және жасанды интеллектке негізделген шешімді сынақтан өткізу үшін цифрлық медициналық хаб құру жоспарланған.
