Алматыда еліміздегі атом энергиясының болашағы талқыланды

атом энергетикасы
Фото: Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиын спикерлері ретінде Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ядролық технологиялардың қауіпсіздік Ғылыми-техникалық орталығының және «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС өкілдері қатысты.

– 2035 жылға дейін Қазақстанда атом энергетикасын дамыту бағытында белгілі жобалар бар. Мысалы, ҚР Энергетика министрлігі қуаттылығы 2 800 мегаватт болатын екі атом блогын салуды жоспарлап отыр. Жалпы атомдық энергетика бағытында бұған дейін істелген жұмыстарға тоқталатын болсақ, 2018 жылы тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізілді. 2019-2021 жылдары техникалық-коммерциялық ұсыныстар алынды және Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Франция қосылған тізім жасалды. Бізге басында жоба бойынша 13 ұсыныс түскен болатын. Алдын ала сарапта жұмыстары жүргізілген соң, осы 4 мемлекеттің ұсыныстары таңдап алынды. 2022 жылы ҚР атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияға Алматы облысының Үлкен ауылын құрылыс орны ретінде ұсындық. Мұнда кеңестік кезеңде мемлекеттік электр станциясы салу жоспарланған болатын. Неліктен бұл аймақ дейтін болсақ, бізде электр энергия негізінен солтүстікте өндіріледі де, оны оңтүстік өңірлер тұтынады. Осы ұзын желінің қақ ортасында АЭС орнату энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 2023 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сарапшылары Қазақстан ядролық энергетика, авариялық жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бағдарламасын үйлестіру саласындағы ұсыныстарды жақсы орындап жатқанын атап өтті, - деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Сонымен қатар ол Қазақстанда АЭС-ке байланысты референдум өткізілгеннен кейін 2026 жылы техникалық-экономикалық негіздеме, 2028 жобалау-сметалық құжаттама жасалатын айтты. Ал 2029 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 2034 жылы оны аяқтау жоспарланған. 

«ҚАЭС» басшысы айтуынша, атом электр станциясын салу бойынша келісімнің ішінде жергілікті мамандарды оқыту және оларды жұмыспен қамтамасыз ету талаптары болады.

– Индустриалды дамыған елдерде локализация деңгейі, яғни, жергілікті жұмысшылардың қамтылуы – 70 пайыз. Бізде құрылыс жұмыстары кезінде локализация деңгейі жоғары болады деп ойлаймын. Себебі атом саласында жұмыс істеп жүрген отандық компанияларымыз бар. Мысалы, Ресейде АЭС салу жұмыстарына елордалық құрылысшылар бригадасы қатысқанын білеміз. Оған қоса, атом отыны 3 жылдан бері елімізде өндіріліп жатыр. Яғни, бұл салада біздің жұмысшылардың тәжірибесі бар. АЭС-ке байланысты келісімшарт жасалған кезде жергілікті мамандарды оқыту талаптары міндетті түрде қосылады, - деді ол.

Дөңгелек үстелге Иордания, Ресей және Оңтүстік Кореяның сарапшылары да қатысты. Шетелдік мамандар атом энергиясынынан бөлек уран өндіру мәселесін де талқылады.

– Уран өндіру саласы – инвестиция үшін өте перспективті сала. Әлемдегі уран өндірісінің 50 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бірақ Иорданиядағы уран өндіру тәсілінің «Қазатомөнеркәсібінен» айтарлықтай айырмашылықтары бар. Сондықтан біз «Қазатомөнеркәсібімен» стратегиялық серіктестік орнатсақ дейміз, - деді Иордания уран компаниясының бас директоры Мұхаммед Әл-Шаннак.

Соңғы жаңалықтар