Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру жобасы іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мүмкіндігі шектеулі азаматтар Алматыда жұмысқа орналасу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады.

Еңбек
Фото: Pyxabay.com

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, биыл Jobcoach жобасы іске қосылады. Бұл бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар адамдарды 3 жыл бойы тұрақты жұмыс орнында толық бейімделгенге дейін қолдауға бағыталған.

Тәлімгерлер жұмыс табуға және жұмыс орнында бейімделуге көмектеседі. Jobcoach жобасы аясында осы санаттағы 300 азамат жұмысқа орналасады.

Сондай-ақ «Алтын жас» жобасы жалғасады. Зейнет жасындағы адамдар үшін 1000 жұмыс орнын субсидиялау жоспарда.

– 2024 жылы Алматыда зейнеткерлердің жалақысын жергілікті бюджеттен ең төменгі жалақы мөлшерінде субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыру үшін «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама 700 - ден астам адамды қамтыды, 2025 жылы 1000 зейнеткерді қолдау жоспарлануда, – деп атап өтті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Айта кетейік, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоса алғанда, халықтың мобильділігі төмен топтары үшін кедергілерді жоюға және құқықтардың теңдігін қамтамасыз етуге басты назар аударылады.

Бұған дейін Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендегені туралы жазғанбыз.