Алматыда ересектер арасында таэквондодан Қазақстан кубогы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Алматыда ересектер арасында таэквондодан (WT) Қазақстан кубогының екінші кезеңі өтеді.

Кубокқа барлығы 200-ден астам даянг шебері қатысады деп жоспарланған. Таэквондошылар Алматы қаласындағы «ADD» спорт кешенінде 10 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Жарыстың алғашқы күні, 2 шілдеде ерлер арасында 58, 80 келіде, әйелдерде 49, 67, 67 келіден жоғары салмақта жүлделер сарапқа салынады. Ал 3 шілдеде ерлер 63, 68, 80, әйелдер 53, 57 келі салмақта сынға түседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы АҚШ пен Аустрияда өткен бәсекелерде 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
Аустрияның Инсбрук қаласында өткен Austrian Open турнирінде Азиза Қаражанова (53 келі) мен Бейбарыс Қабылан (87 келіден жоғары) чемпион атанса, Айдана Сүндетбай (53 келі) күміс, Нұрқанат Қожахмет (87 келі), Мерген Ғаниев (80 келі) қола медальға қол жеткізді.
Ал АҚШ-тың Шарлотт қаласында болған Гран-при турнирінде қоржынға бір күміс, екі қола жүлде түсті. Атап айтқанда, Нодира Ахмедова (49 келі) екінші орын алса, Тамерлан Тілеулес (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі) үздік үштіктен көрінді.