Алматыда Еріктілер жылы салтанатты түрде ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімдігі қалада Еріктілер жылы салтанатты түрде ашылғанын хабарлады.

жылы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Еріктілер фронт-кеңсесі ұйымдастырған іс-шараға шамамен 450 адам қатысты. Олардың қатарында еріктілік ұйым өкілдері, еріктілер қозғалысының үйлестірушілері, белсенді және «күміс» еріктілер, серіктестер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері болды.

жылы
Фото: Алматы әкімдігі

- Алматыда еріктілер қозғалысы жыл сайын нығайып, мыңдаған жанашыр тұрғынды біріктіріп отыр. Еріктілер әлеуметтік, экологиялық және қалалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып жатыр. Әкімдік тарапынан еріктілік ұйымдарды жүйелі қолдау және еріктілер инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады, — деді Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Іс-шара аясында еріктілер ұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Онда қатысушылар жобасы мен қызмет бағытын таныстырды. Атап айтқанда, әлеуметтік еріктілік, спорттық бастамалар, төтенше жағдайлар мен қауіпсіздік саласындағы жобалар, сондай-ақ жастар мен цифрлық бастамалар ұсынылды.

жылы
Фото: Алматы әкімдігі

Салтанатты рәсімнің басты ерекшелігі — уақыт капсуласы салынуы болды. Капсулаға еріктілер қозғалысын дамытуға арналған стратегиялық мақсаттар мен үндеулер орналастырылды.

жылы
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум