Алматыда еріктілердің көмегімен 670 есірткі сайты бұғатталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлушаш Досболова есірткіге қатысты сайттарды анықтауда еріктілердің көмегі көп екенін айтты.
Оның айтуынша, жыл басынан бері полиция мен еріктілердің біріккен жұмысының арқасында есірткі тарататын 670 сайт пен Telegram-арна анықталған және бұғатталған. Ол наркоресурстарды интернет кеңістігін бақылау арқылы, сенім телефонына келіп түскен өтініштер және «E-Өтініш» платформасы арқылы, сондай-ақ жедел арналар арқылы анықталатынын атап өтті.
- Бір жағы азаматтар арқылы, бір жағынан өзіміз де әлеуметтік желіні бақылап, заңсыз ресурс туралы ақпаратты бірнеше дереккөзден алып отырамыз. Анықталған ресурсты кейін «Кибернадзор» жүйесіне жолдап, оны бұғаттаймыз, – деді Сұлушаш Досболова.
Полиция өкілінің айтуынша, барлық сайттар бірден жабыла бермейді. Кейде заңсыз заттарды таратушыларды анықтау үшін бұғаттау шаралары кейінге шегеріледі.
- Азаматтардан келіп түсетін ақпарат қауіпті жедел анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Есірткі тарататын наркосайтты, Telegram-арна мен есірткі жарнамалап жатқандарды көрсеңіз, +7 700 113 0102 WhatsApp нөміріне немесе Narko Shekteu Almaty тelegram-каналына хабарлап айтуға болады, - деді ол.
Еске салайық, Қазақстанның есірткіге қарсы цифрлық тәжірибесі шетелдіктерді қызықтырды.