Есентай өзені үстіндегі көпір құрылысы кезінде қанша ағаш кесіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Есентай өзеніндегі велосипедшілер мен жүргіншілерге арналған көпірдің құрылысы жалғасып жатыр. Ал оңтүстік беттегі жүргіншілер көпірінің құрылысы іс жүзінде аяқталған.

көпір
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жақында диаметрі 800 мм магистральдық су құбырын қайта салу және тіректерді орнату үшін шұңқыр қазу жұмыстары басталады.

Ведомствоның хабарлауынша, жоба аясында ағаш кесу жоспарланған. Оның ішінде 14 апатты жағдайдағы ағаш бар. Сондай-ақ, 12 жөке ағашы басқа жерге көшіріледі. Іргелес аумақты көріктендіру аясында бұл учаскеде 80 ірі көлемді ағаш және шамамен 50 бұта егу көзделген. Биыл көктемде кесілген ағаштардың орнына қосымша тағы 580 ағаш егу жоспарланып отыр.

– Көпірдің автожол бөлігі 2023 жылы қайта жаңғыртылған болатын. Ал вело жүргіншілер инфрақұрылымының бастапқы жобасында 135 ағаш кесу қарастырылған еді, бұл қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Осыған байланысты әкімдік жобаны өзгерту, көпірлерді автожол бөлігіне жақындату және инженерлік желілерді көшіру туралы шешім қабылдады. Енді оңтүстік жақтағы 26 ағаш кесіледі. Біз әрбір ағаштың, әсіресе қайта егілетіндердің жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз. Жалпы, жобаны биыл тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр, ал көріктендіруге қатысты қандай да бір ескерту болса, мердігер олардың барлығын түзетеді, - деді қоғам белсендісі, «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаров.

Еске салайық, бұған дейін қалалық мәслихаттың сессиясында депутат Салтанат Серікова 2021 жылдан бері әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені үстіндегі көпірді қайта жаңғыртуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін айтты.

Депутаттың сөзінше, құрылыс үш жылға созылып, қала тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр.

Соңғы жаңалықтар