Алматыда ескі ғимараттың орнына жаңа Оқушылар үйі салынып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда апатты деп танылған Оқушылар үйінің орнына жаңасы салынып жатыр. Қала әкімі құрылыс барысымен танысты.

Оқушылар сарайы
Фото: Алматы әкімдігі

Қаланың құрылыс басқармасының басшысы Алмас Шабдарбаевтың айтуынша, нысан 80 пайызға дайын. Бұрынғы апатты деп танылған жерде заманауи екі қабатты ғимарат салынып жатыр. Шығармашылыққа арналған 12 кабинет, дәрісханалар, тіпті ауланың ішіндегі бақ та болады.

Оқушылар сарайы, құрылыс
Фото: Алматы әкімдігі

Апта сайын оқушылар үйінде 5-17 жас аралығындағы 2 мың бала оқи алады. Олар үшін дебат клубы, бағдарламалау, 3D-модельдеу, құрастыру, фото- видеомонтаж бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Балалар шешендік, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерін меңгереді.

Құрылысшылардың айтуынша, олар келесі жылдың 15 қаңтарына дейін нысанның «кілтін» тапсыруға ниетті.

Ерболат Досаев асығыстықтың қажет емес екенін, балалар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалуы, барлық жабдықтар орнатылып, қосылып, аумақ абаттандырылуы тиіс екенін атап өтті.

Ерболат Досаев
Фото: Алматы әкімдігі

«Бостандық ауданының солтүстік бөлігі үшін бұл балалар шығармашылығы орталығы өте маңызды. Қазір балалар мектептерде оқиды, бірақ келесі жылы осында келеді. Біз осындай ғимараттарды барлық балаларды тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету үшін инклюзия талаптарын ескере отырып қолжетімді ету міндетін алға қойғанбыз», — деді Ерболат Досаев.

№ 3 оқушылар үйі 55 жыл бұрын құрылған, 1987 жылы Вахтангов көшесі 2-2А көшесіне көшкен.Ғимарат сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеді, акт залы апатты жағдайда болды. Жобалық қуаты 650 орындық, мұнда 1747 оқушы оқыды. Құрылыс кезінде үйірмелер аудан мектептеріне уақытша бөлінді.

Оқушылар сарайы, құрылыс, стройка
Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы, Алматыда қосымша біліммен 300 мыңнан астам бала қамтылған. Оның ішінде 19 мемлекеттік білім беру ұйымдарында 28680 бала, 102 жекеменшікте мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша — 7570, мектептерде — 112851, «Даму бала» бағдарламасы бойынша — 90988, ақылы негізде — 62 мыңға жуық бала айналысады.

Осы жылы қала бюджеті есебінен Алатау, Бостандық және Түрксіб аудандарында жалпы сыйымдылығы 2810 орындық 3 шығармашылық даму орталығы салынып жатыр. Жетісу ауданында тағы 500 орындық құрылыс салу жоспарда. Сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілік аясында жеке компанияның өз қаражаты үшін Алмалы ауданында 3500 орындық Оқушылар үйінің құрылысы жүріп жатыр.

Осыған дейін, Алматыда құрылысы ұзаққа созылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені келесі жылы пайдалануға берілетіні туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар