Алматыда ескі көліктердің орталыққа кіруіне шектеу қойылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда ауаны тазартудың жаңа ережелері әзірленіп жатыр. Қалада төмен экологиялық класты көліктерге (Евро-5-тен төмен) орталыққа кіруге шектеу қойылады. Бұл бастама «Ашық НҚА» сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Әкімдіктің хабарлауынша, мұндай көліктердің орталыққа кіруі ақылы болуы мүмкін, ал тұмша кезінде мүлдем тыйым салынуы ықтимал. Төлем автокөліктің аймақта жүрген уақытына қарай есептеледі.
Сонымен қатар қала әкімдігі ескі көлік иелеріне оларды мемлекетке өткізіп, утилизациялауға мүмкіндік ұсынбақ. Бағдарламаға 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алматыда тіркелген автокөліктер қатысады.
– Алматыда 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін тіркелген автокөліктерді кейін утилизациялау үшін сатып алу қарастырылып отыр. Бағдарлама аясында төмен экологиялық класқа жататын көліктерді сатып алу шығындары аймаққа кіру төлемінен түскен қаражат есебінен, сондай-ақ өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындаушы оператордың және жергілікті бюджеттің қаржысы есебінен өтеледі, - деп хабарлады әкімдік.
Жаңа ережелердің тағы бір бағыты – төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізу. Әуелі пилоттық жоба 2025 жылғы 1 қазаннан бастап орталықта іске қосылады, кейін 2026 жылы кеңейтіліп, 2027 жылдан бастап бүкіл қаланы қамтиды.
Экологтардың пікірінше, Алматыдағы ескі көліктерді біртіндеп айналымнан шығару ауа сапасын айтарлықтай жақсартып, тұмша деңгейін төмендетеді.
– Алматыда Парето заңы жұмыс істейді. Ескі автокөліктердің шамамен 20%-ы бүкіл зиянды шығарындылардың басым бөлігін (80%-ға жуығын) тудырып отыр. Сондықтан дәл осы көліктерді кезең-кезеңімен айналымнан шығару ауа сапасын айтарлықтай жақсартады, - дейді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда отшашуға тыйым салынып, автокөліктер үшін ақылы аймақтар енгізілуі мүмкін екенін жазған едік.