Алматыда фестивальге байланысты көлік қозғалысы шектеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан полициясы күніне арналған «Полиция – Ел қорғаны» фестиваліне байланысты Республика сарайына іргелес аумақта көлік қозғалысына жартылай шектеу қойылады.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 27 маусым күні сағат 19:00-ден 23:00-ге дейін көлік қозғалысы шектеледі.
Мына көшелер жабылады:
– Достық даңғылы бойымен – Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейін (екі бағытта);
– Абай даңғылы бойымен – Достық даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін (екі бағытта).
– Фестивальге келген қонақтардың санын ескере отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысы реттелмек. Жүргізушілерден өз бағытын алдын ала жоспарлауды және уақытша шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз,– делінген хабарламада.
Еске салайық, 31 мамырдан 20 шілдеге дейін Бөгенбай батыр көшесінің бір бөлігі, 31 мамырдан 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің бір бөлігі жабылды. Сондай-ақ 1 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесімен Масанчи көшесінен бастап Байтұрсынов көшесіне дейін екі бағытта жол жабылды.
2 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Ғабдуллин көшесінде Римский-Корсаков көшесінен бастап Нахимов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектелді.
Одан бөлек Алматыда Яссауи көшесінің бір бөлігі 1 айға жуық жабылды.