Алматыда газ компаниясы қызметкерлері тұтынушылардың 168 млн теңгесін жымқырған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті «Алматыгазсервис-Холдинг» Акционерлік қоғамының қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын мәлімдеді.

Алматы облысында газ компаниясы тұтынушылардың 168 млн теңгесін жымқырған
Фото: видеодан алынған скрин

Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады. Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.

Алайда аталған жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты «SymphonyGAS» жүйесінде жасырып келген. Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушыдан тұратын тұлғалар тобы 2 жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 млн теңгені иемденген.

Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 млн теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, ШҚО-да мемлекеттің 2 млрд теңгеден астам қаржысын жымқырған 3 адам сотталды.

Соңғы жаңалықтар