Алматыда халықаралық Almaty Food Fest 2024 фестивалі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда үшінші рет Almaty Food Fest 2024 гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Халықаралық іс-шара мегаполистің Абай алыңда өтіп жатыр. Фестиваль 25-тамызға дейін жалғасады.

Республика сарайының алдында мерекелік қалашық құрылды. Мұнда 50-ге жуық мейрамхана әлемнің сан түрлі асханаларының тағамдарын ұсынса, 30-дан астам фермерлік және қолөнер дүңгіршектері фестиваль қонақтарына қала шеберлерінің бұйымдарын таныстырды. Іс-шараға келген адамдарға Алматының басты белгісіне айналған алма тегін таратылды. Сондай-ақ аниматорлар мен арнайы шақырылған музыканттар үлкенді-кішілі фестиваль қатысушыларының көңіл-күйін көтерді.

Алматыда бір аптаға жуық қонақ болған Мишлен жұлдызының иегері, француз аспазы Жером Кустийас қазақ асханасындағы сүйікті тағамы туралы пікір білдірді.

- Менің қазір мейрамханам жоқ. Бірақ болған жағдайда ас мәзіріне бауырсақтарды қосар едім. Бірін үлкен, бірін шағын қылып пісіріп, қонақтарға ұсынуға болады. Жалпы бұл фестиваль - қала асханасының айнасы. Шаһар қандай тағамдарды ұсына алатынын көрсетіп жатыр. Фестивальдің жылдан жылға ауқымы үлкейіп, қалаға пайдасын тигізеді деп ойлаймын, - деді Жером Кустийас.

Фестивальдің екінші күні ШЫҰ мемлекеттерінен келген аспаздар байқауда бақ сынайды. Аспаздық жарысқа арнайы келген Иран елінің аспазы Фатима Ализаде Алматы туралы өзінің алғашқы әсерімен бөлісті.

- Мен Ираннан келдім. Жасым 39-да. Еліміздің ұлттық тағамдарын кәсіби түрде жасап жүргеніме 15 жыл болды. Алматыға алғаш рет келуім және бұл қала мені қатты таңқалдырды. Өте әдемі әрі жасыл шаһар екен, адамдарды да ашық. Мұндағы тағамдардан маған ең ұнағаны кәуап болды, - деді Фатима Ализаде.

Фестиваль Алматы қаласының Туризм басқармасының ұйымдастырумен өтіп жатыр. Халықаралық іс-шараға екі күнде 15 мың адам келеді деп жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін гастро-фестивальдің жоспары туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ бұған дейін Мишлен жұлдызының иегері Жером Кустийаспен эксклюзивті сұхбат жарияладық.
