Алматыда халықты құлақтандыру жүйесі неге дер кезінде іске қосылмады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жақында жерасты дүмпуі басталған кезде тиісті хабарламаның уақытылы таратылмауы мәселесін көтерді.

сирена
Фото: pixabay.com

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

«Кеше Алматыда жер сілкінгенде азаматтарды ескерту жүйесіндегі кемшіліктер байқалды. Тек Google андроид жүйесі арқылы алматылықтарды хабардар етті. Біз бұл туралы ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінен емес, ұлттық оператордан емес, жаһандық қызметтерден алдық. Сондықтан мұндай жағдайда бізді кім ескертуі керек? Ескерту жүйеміздің несі дұрыс емес? Неліктен байланыс арналары жұмыс істемейді? Осы заң жобасы бойынша біз қандай шешім таба аламыз?», - деп сұрады С. Пономарев.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева аталған жағдайда еліміздің ескерту жүйесінде қандай да бір кемшіліктер болуы мүмкін екенін айтты.

«Бұған кім кінәлі екенін анықтау мақсатында жан-жақты тексеріліп жатыр деп санаймын. Менің ойымша, ақпарат көзі мәліметті дер кезінде жолдамады немесе ескерту жүйесі жұмыс істемеді. Қолданыстағы заңда байланыс операторлары қысқа хабарлама жіберуге міндеттелген. Бірақ қысқа хабарламалардың мерзімі ешқандай жолмен шектелмеген. Олар хабарламаны күні бойы жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда жедел хабарлар түсінігін қайта қарап, тиісті талаптарды енгізу қажет екенін байқадық. Төтенше жағдай болған кезде олар қысқа әрі жылдам болуы керек, яғни бір уақытта жіберілуі тиіс», - деді Е. Смышляева.

Бұл ретте депутат осы мәселе Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында ретке келтірілетінін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 23 қаңтарда болған Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыдағы сілкінісі кезінде халықты құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын айтты. 

«Адамдар уақтылы ақпараттандыру мен айқын әрекет болмағандықтан байбаламға бой алдырды. Олар 2, 3-қабаттан секіріп, ойсыз әрекеттерге барды. Бұл құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын, халыққа барынша ерте хабарландырулар таратып, хабарландыру керек болғанын көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар