Алматыда Halyk Cyber Games 2026 турниріне мыңнан астам ойыншы қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Counter-Strike 2 ойыны бойынша Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 республикалық турнирі аяқталды. Жарысқа 204 команда және мыңнан астам ойыншы қатысты.

Алматыда Halyk Cyber Games 2026 турниріне мыңнан астам ойыншы қатысты
Фото: Halyk қайырымдылық қоры

Финал Forum сауда ойын-сауық орталығындағы Event Space алаңында өтті. Байқауда Қазақстанның әр өңірінен келген кәсіби және әуесқой ойыншылар, блогерлер, стримерлер бақ сынады.

Турнирдің негізгі ұйымдастырушылары — Тимур Құлибаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Алматы қаласының цифрландыру басқармасы. Жоба University Alliance of Science and Technology жоғары оқу орындары альянсының, NNEF қоғамдық қорының, Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастықтың (NESA), National Digital Syndicate және iPlay Esports қолдауымен жүзеге асырылды.

Турнир Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдығы қарсаңында өтті. Сонымен бірге, қор мерейтойына арналған «10 игі қадам» бастамасының аясында ұйымдастырылды. Қор аталған бастама шеңберінде мерейтойлық жылға арналған бірқатар жобаны біріктірген болатын.

Биыл турнир бағдарламасына айтарлықтай жаңалықтар енгізілді. Жоба дәстүрлі 5×5 командалық форматы мен медиа командалар арасындағы Media 5×5 жарысынан бөлек, алғаш рет 2×2 форматындағы турнирді қамтыды. Жарысқа қатысу тегін болды.

Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастықтың (NESA) президенті Рахматулло Сайдуллаев жарысқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, кейінгі жылдарда Қазақстанда киберспорт жекелеген студенттік бастамалар аясынан шығып, қарқынды дамыды.

— Соңғы бес жылда Қазақстандағы киберспорт жекелеген студенттік бастамалардан елдің түкпір-түкпіріндегі ойыншыларды, студенттерді, блогерлерді, стримерлер мен көрермендерді біріктіретін толыққанды экожүйеге айналды. Halyk Cyber Games осы ортаны кеңейтуге, жаңа қатысушыларды тартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, цифрлық индустрияда өсіп-өркендеуі үшін жастарға жол ашады, — деді Сайдуллаев.

Жобаның тарихы 2020 жылы KESL студенттік киберспорт жарыстарынан басталды. Ал 2025 жылы Halyk қайырымдылық қорының қолдауына ие болды. Биылдан бастап жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға толықтай негіз бар.

Алматыда Halyk Cyber Games 2026 турниріне мыңнан астам ойыншы қатысты
Фото: Halyk қайырымдылық қоры

Айта кетейік, Qazaqstan Cyber Games Students League онлайн іріктеу кезеңі көктемде өткен болатын. Онда Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1 500-ден аса студент қатысты. Студенттік лиганың финалы 18 сәуірде Astana IT University алаңында ұйымдастырылды.

Ал қыркүйек айында Media & Cup турнирі алғаш рет Halyk Cyber Games брендімен өтті. Оған БАҚ өкілдері, блогерлер, стримерлер және ойын қауымдастығының басқа да өкілдері қатысты.

Бұл жоба жөнінде Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов толығырақ айтып берді.

— Halyk Cyber Games жобасын қолдау арқылы біздің қор тек киберспорттың дамуына инвестиция салып отырған жоқ. Біз үшін жастардың командалық жұмыс пен стратегиялық ойлау дағдыларын сіңіруі, пікірлес замандастарын табуы және заманауи цифрлық индустрияда жаңа мүмкіндіктерге ие болуына жағдай жасау маңызды, — деді ол.

Финалдық матчтарды 2 мыңнан астам көрермен тамашалады. Ал жарыстың тікелей трансляциясы 7 мыңнан астам қаралым жинады. Турнир аяқталғаннан кейін матчтардың жазбаларын 100 мыңнан астам адам көрді.

Жүлде қорының жалпы көлемі 10 млн теңге болды.

HCG Cup 5×5 форматында Omega командасы жеңіске жетіп, 3 млн теңге алды. Екінші орынға ие болған Rune Eaters командасына 2 млн теңге берілді.

HCG Cup 2×2 форматында Bratan Team жеңімпаз атанып, 700 мың теңге иеленді. Екінші орын алған 2k_plus_2k командасына 300 мың теңге табысталды.

HCG Media 5×5 жарысында T4iPa командасы қарсылас шақ келтірмей, 2 млн теңге жеңіп алды. Екінші орынға SixSeven командасы жайғасып, 1 млн теңге жүлдеге ие болды.

Одан бөлек, тағы 1 млн теңге финалға келген көрермендер арасында өткен ашық шағын-турнирлерде сарапқа салынды.

Алматыда Halyk Cyber Games 2026 турниріне мыңнан астам ойыншы қатысты
Фото: Halyk қайырымдылық қоры

Еске салайық, 2026 жылы Halyk қайырымдылық қоры 10 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде қор білім беру, спорт, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, әлеуметтік қолдау және өңірлерді дамыту салаларында 200-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қайырымдылық бастамаларына бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 100 млрд теңгеден асты.

Halyk
Фото: Halyk қайырымдылық қоры

Айта кетейік, бұған дейін елордада екі күндік CYBER STEPPE 2026 конференциясы өткенін жазғанбыз.