Алматыда ХАТУ экс-ректоры мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дәмир Шыныбеков жазасын өтеп, бостандыққа шықты.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, оған заңда белгіленген тәртіппен рақымшылық жасалған. Соның нәтижесінде жаза мерзімі қысқартылып, қайта есептелген мерзімді ескере отырып, сотталған азамат сот тағайындаған жазаны толық өтеген. Осыған байланысты ол заңды негізде босатылған.
– Материалдарды қарау, мерзімдерді қайта есептеу және сотталғандарға қатысты шешімдер қабылдау соттың құзыретіне жатады және міндетті түрде орындалуға тиіс, – деп хабарлады комитет өкілдері.
Ведомство сондай-ақ заң талаптарына сәйкес сотталған адамның жеке ісіндегі мәліметтер жария етілмейтінін мәлімдеді.
Еске салайық, 2020 жылдың қазан айында Алматының Бостандық аудандық №2 сотының үкімімен ХАТУ экс-ректоры Дәмир Шыныбеков 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тиіс болды. Онымен бірге университеттің бұрынғы бас бухгалтері Жанайым Спабекова да 8 жылға сотталған.
Сот оларды алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде мүлікті иемдену және ысырап ету қылмыстары бойынша кінәлі деп таныған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2013 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың қараша айына дейін олар стипендияларға бөлінген 1,7 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жалған келісімшарттар жасау және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы жымқырған.
Кейін сот үкіміне өзгерістер енгізіліп, мүлікті тәркілеу туралы бөлік алынып тасталып, ол мүлік келтірілген залалды өтеу есебіне мемлекет кірісіне бағытталған.
Ал 2023 жылы Алматы облыстық соты Шыныбековке қатысты жазаны жеңілдету туралы шешімді күшін жойған еді.