Алматыда инклюзивті мектептің екінші бөлімшесі ашылды

мектеп
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Алматыда "Педагог академиясы" қоғамдық бірлестігі инклюзивті мектебінің екінші бөлімшесі ашылды. Алғашқы бөлімше бұған дейін Наурызбай ауданында ашылған болатын. Бұл туралы Kazinform тілшісіне "Педагог академиясы" және "Балалар инклюзивті академиясы" қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы, инклюзивті мектептің директоры Нұрым Нұрғалиев айтып берді.

Спикердің сөзінше Бостандық ауданында ашылған жаңа орталықта төрт кабинет бар, онда логопед, дефектолог, психолог және емдік денешынықтыру мамандары балалармен жұмыс істейді.

"Балаларды біз аптаның жеті күнінде таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қабылдаймыз. Бізде бәрі тегін. Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша біздің инклюзивті мектебімізде 100-ден астам бала оқиды. Оның 30-ы осы Бостандық ауданындағы орталыққа келсе, қалғаны Наурызбай ауданында оқиды. Наурызбай ауданындағы инклюзивті мектептің бөлімшесінде 8 маман жұмыс жасайды. Себебі, ол жердегі бөлімшеміз үлкен", - дейді Нұрым Нұрғалиев.

мектеп
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Биыл қыркүйек айынан бастап елімізде "үйден тыс оқыту" әлеуметтік жобасы бастау алды.

"Жоба аясында біз үйден оқуға кеңес берілген балаларды осында әкеліп оқытамыз. Егер үйден оқуға кеңес берілген бастауыш сынып оқушысына 8 академиялық сағат бөлінсе, біз ол уақытты екі есе, яғни, 16 сағатқа көбейттік. Осы арқылы балалар орталыққа аптасына төрт рет келіп, төрт маманмен кездеседі. Бұл өте тиімді болды, себебі бала шаршамайды, екіншіден бөлімшеге келген баланың қарым-қатынасы үйдегідей емес, қоғамға бейімделіп, жақсара түседі. Үшіншіден, балалар бір-бірімен де жақсы қарым-қатынаста болулары үшін оларды топтастырып оқытамыз", - деді спикер.

мектеп
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Оның айтуынша, түзету кабинеттеріне көбінесе мектеп жасына дейінгі балалар келеді.

"Олардың диагноздары онша ауыр емес. Оларда тек тіл кемістігі бар. Олармен логопедтер жұмыс істейді. Ал енді үйден оқитын балаларымыз бар, олар - басқа білім мекемелері алмаған немесе ата-анасына үйіне келіп оқыту форматы ұнамайтын балалар. Олардың диагноздары да нашарлау. Олар негізінен аутизммен ауыратын, интеллектісі бұзылған балалар. Оларға біздің осындағы мамандарымыз жан-жақты көмектесіп жатыр. Сондай-ақ қазіргі таңда Бостандық ауданының әкімдігіне балалар үшін арттерапия үйірмесін ашсақ деген өтініш жолдадық. Егер өтінішіміз іске асса, кейбір балаларға арттерапия ұйымдастыратын боламыз. Оған мүмкіндігіміз бар", - деді Нұрым Нұрғалиев.

мектеп
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Қазақстанда "Балалар инклюзивті академиясы" қоғамдық бірлестігінің бүгінде 12 филиалы бар. Олардың басшылары үздік ұстаздар, педагогтер.

"Аталған 12 филиалдың ішінде 6 өңір, 7 қалада 500-ге жуық баланы біз тегін арттерапия үйірмесі, түзету кабинеттерімен қамтып отырмыз. Олар Алматы, Қостанай, Рудный, Орал, Тараз, Қарағанды Петропавл қалаларында бар. Біз, сондай-ақ, мұндай орталықтарды ашу үшін Астана, Атырау қалаларына да өтініш жолдадық. Қазір жауабын күтіп отырмыз", - деді Нұрым Нұрғалиев.

Елдегі инклюзивті мектептерге негізінен коммерциялық емес, қоғамдық бірлестіктер, қорлар көмектесіп, қолдау көрсетіп жатады.

"Біздің үлкен демеушілеріміз бар деп айта алмаймын. Біз жоғарыда аталған филиалдар арқылы бір-бірімізге көмектесіп жатырмыз. Айту керек, бізге көбінесе қарапайым азаматтар көмектеседі. Ал мемлекет тарапынан, өкінішке орай, ешқандай көмек жоқ. Қанша айтсақ та, бізді ешкім естімей жатқан секілді. Бәрін өз күшімізбен жасап жатырмыз", - деді спикер.

Айта кетейік Алматыда "Педагог академиясы" қоғамдық бірлестігі инклюзивті мектебі бөлімшесінің салтанатты ашылуына Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаты, қоғамдық кеңестің төрайымы Алтынай Көлбиева, "Аутизм жан әлемі" қоғамдық қорының директоры Шолпан Сүгірбекова қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар