Алматыда интернет-алаяқтық үшін сатып алынған SIM-карталар тәркіленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жүздеген SIM-карта мен мобильді құрылғыларды жаппай сатып алған әйелді ұстады.

— Белгілі болғандай, бұл қолданылған құрылғылар алаяқтардың анонимді әрекет етуіне мүмкіндік берген. Олар өзін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған. Ұсталған әйел «жеңіл табыс» туралы хабарламаға жауап беріп, сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірді өз атына рәсімдегенін мойындады, — дейді Алматы қалалық ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Дәл осы нөмірлер арқылы бірнеше қылмыстық іске қатысы бар қоңыраулар жасалғаны анықталды.
— SIM-карталар, пошталар, банк және мессенджер аккаунттарымен байланысты кез келген «үйден жұмыс» ұсынатын хабарламалар — бұл жоғары қауіптілік белгісі. Адам мұндай әрекеттер арқылы өз еркінен тыс қылмыстық әрекетке араласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарап, артында қандай мақсат тұрғанын терең ойлаған жөн, — деді ол.
Осыған дейін ІІМ қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түріне байланысты үндеу жасаған болатын.