Алматыда қала күніне 3D шоу ұйымдастыруға 200 млн теңге жұмсалады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні атап өтіледі.
Мегаполис мерекесі үшін Алматы әкімдігі биыл қомақты қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алу сайтында аудиовизуалды 3D Mapping Show (проекциялық шоу) ұйымдастыру және өткізу бойынша хабарландыру жарияланған. Тапсырыс беруші - қалалық мәдениет басқармасы.
Оның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, кемінде 7 минут болатын шоу 19-20 қыркүйекте «Астана» алаңы, ҚБТУ ғимаратының қасбетінде ұйымдастырылады. Оның соңында 7 минуттық салют атылуы тиіс. Іс-шараға кемінде 20 дана кәсіби лазерлік проектор, кемінде 50 роботтандырылған жарық аспабы және өзге де жабдықтар қолданылуы қажет. Бұл лот үшін 198 275 862 теңге қарастырылған. Өтінімдерді қабылдауды аяқтаудың алдын ала мерзімі - 4 қыркүйек.
Одан бөлек мемлекеттік сатып алу сайтында Алматы күнін мерекелеуді ұйымдастыруға арналған бірнеше хабарландыру бар. Олардың бірі - 70 млн теңге, екіншісі - 80 млн теңге және тағы бірі - 36 млн теңге.
Оларға Абай алаңында әртүрлі уақыт ұзақтығымен концерт өткізу, алаңды дайындау және басқа да жұмыстар кіреді.
Еске салайық, 2024 жылы Алматыда Республика күнін мерекелеу аясында Абай алаңында дрондар шоуы өтті.
2025 жылы Алматыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дрондар шоуы ұйымдастырылды.