Алматыда қала ішінен 13 ірі кәсіпорын көшіріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қаланың жаңа Бас жоспарының стратегиялық экологиялық бағалауы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
Іс-шара барысында Жетісу ауданының тұрғыны ауаны ластайтын және тұрғындар үшін қолайсыздық тудыратын қала ішіндегі кәсіпорындардың болашағы қандай болатынын сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген биотехнолог-ғалым Гүлнұр Жүнісова жаңа Бас жоспарда 13 үлкен кәсіпорынды қала сыртына шығару жоспарланғанын атап өтті. Одан бөлек 400-ден астам кіші өндіріс орындары көшірілмек.
— Оның нәтижесінде 500 гектардай жер босатылады, — деді ол.
Сондай-ақ қоғамдық тыңдаулар барысында тұрғындар халық санының артуы мен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай бұл бағытта 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспар аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
— Бүгінде сумен жабдықтау мәселесі ең алдымен Наурызбай ауданында және Бостандық ауданының кей бөлігінде өзекті болып тұр. Су тапшылығының алдын алу үшін жаңа су алу нысандарын, сүзгі станцияларын салу, қолданыстағы су көздерінің қуатын кеңейту және инженерлік желілерді жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр, — деді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Алматының бас жоспары қоғамдық тыңдаулары басталғанын жазғанбыз.