Алматыда қала сыртындағы лагерьлерде балалардың демалыс маусымы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық оқушылардың алғашқы легі қала сыртындағы «Өрнек» лагерінде демалып жатыр.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қала билігінің ерекше бақылауына алынған. Қауіпсіздік, тамақтану, бос уақытты тиімді өткізу, білім беру және спорттық бағдарламалар – барлығы балалардың демалысын көңілді әрі пайдалы өткізуге бағытталған.
– Алматыда мектеп жасындағы шамамен 350 мың бала бар. Біздің басты мақсатымыз – әр оқушыға толыққанды әрі мазмұнды жазғы демалыс ұйымдастыру. Әрине, барлық бала қала сыртындағы лагерьге бара алмайды, бірақ біз кемінде 95% баланы жазғы түрлі іс-шаралармен қамтуды көздеп отырмыз. Биыл үш мыңға жуық оқушы қала сыртындағы лагерьлерге жіберіледі. Оның ішінде 900 бала – Оқушылар сарайының балансындағы жалғыз қалалық лагерь саналатын «Өрнек» лагерінде демалады. Бұл балалардың арасында әлеуметтік осал топтардан шыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар, оның ішінде мүгедектігі бар балалар да бар, - деді Әсем Нүсіпова.


Қазір Алматы қаласы мен Алматы облысында 20-дан астам қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр. Оларға қала аудандарынан балалар кезең-кезеңімен жіберіледі.
– Өкінішке қарай, қазіргі инфрақұрылымдық мүмкіндіктер жеткіліксіз. Балалардың сұранысы жоғары — олар жайлы жағдай мен мазмұнды, ерекше форматтағы демалыс түрлерін қалайды. Сондықтан балалардың демалыс инфрақұрылымын дамыту әкімдіктің басым бағыттарының бірі, - деп атап өтті әкім орынбасары.


Оның айтуынша, қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, шамамен 55 мың оқушы мектеп жанындағы лагерьлерге қатысып жатыр. Онда ыстық тамақ пен түрлі ойын-сауық бағдарламалар қарастырылған. Сонымен қатар бұл жұмысқа 17 колледж тартылды — онда жасөспірімдерге кәсіби бағдар беру жұмыстары назарға алынды. Балалар түрлі мамандықтармен танысып, шеберлік сағаттарына қатысады.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл мектеп жанындағы лагерьлер ерекше мазмұнмен және қызықты бағдарламалармен өтіп жатыр.