Алматыда қалдықты энергияға айналдыратын алғашқы зауыт салынады: жоба қай сатыда

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, энергияға айналдыратын алғашқы зауыттың құрылысы жоспарланып отыр. Қазір жоба іске асыру кезеңіне жақындап келеді. 

Алматыда қалдықты энергияға айналдыратын алғашқы зауыт салынады: жоба қай сатыда
Фото: Астана әкімдігі

2025 жылғы 29 тамызда министр Ерлан Нысанбаев пен инвестор тарап келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, зауыт тәулігіне 1 600 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты өңдеп, 60 мегаватт электр энергиясын өндіре алады. Инвестиция көлемі — 145 млрд теңгеден асады.

Экология министрлігінің хабарлауынша, кәсіпорында Еуропалық стандарттарға сай эмиссия бақылау жүйесі орнатылады, ал өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған мониторинг жүйесі бойынша бақыланбақ.

— Жоба аясында 700-ге жуық уақытша және 120 тұрақты жұмыс орны құрылады. Мамандар Қытайда оқытылып, кейін зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, — делінген министрліктің хабарламасында.

Алматы экология және қоршаған орта басқармасы Kazinform.kz тілшісіне берген жауабында жобаның әзірше дайындық сатысында екенін мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен жобалық, техникалық және ұйымдастырушылық шешімдерді келісу бойынша кешенді жұмыс істеліп жатыр, — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, зауыт құрылысы басталмас бұрын мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдау өткізу міндетті. Бұл кезеңде тұрғындар мен экобелсенділер пікірін білдіре алады.

— Барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін ғана құрылыс мерзімі мен нақты іске асыру кестесі бекітіледі, — деп хабарлады Алматы экология және қоршаған орта басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында көкөніс пен жемістерді өңдейтін зауыттың құрылысы басталғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар