Алматыда қалың қар салдарынан бір тәулікте 62 жол апаты тіркелді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалың қар жауып, жолдағы ахуал қиындай түсті.
Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, кешегі түстен бүгінге дейін қала жолдарында 62 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 28 жол апатынан адамдар зардап шеккен. Қаза тапқандар жоқ.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, жол жағдайын бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар олар қаладағы коммуналдық қызметтермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерге ауа райына байланысты жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты сақтауды және қажет болмаған жағдайда жолға шықпауға кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір түнде 27 сантиметр қар жауғанын хабарлаған едік.
Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын болмайды, ауа температурасы –6…–8 градус шамасында болады, кейін тағы төмендейді.