Алматыда қандай мамандарға тапшылық бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы» Kazinform сауалына жауап жолдап, мегаполисте сұраныс ие мамандықтардың тізімін ұсынды.
Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы Enbek.kz порталындағы мәліметтерге сүйене отырып, Алматыда білім беру және тәрбиелеу, медицина және фармацевтика салаларында және біліктілігі жоқ мамандықтар бойынша жұмысшы тапшы екенін хабарлады.
Оның ішінде әр сала бойынша сұранысқа ие ТОП-3 мамандық келесідей:
1) Білім беру және тәрбиелеу саласы: тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, психолог;
2) Медицина және фармацевтика саласы: мейірбике, санитар, акушер;
3) Біліктілігі жоқ мамандықтар саласы: күзетші, қосалқы жұмысшы, жүк тасушы.
Сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы Алматыда жалақысы жоғары және төмен мамандықтар бойынша мәлімет берді. Атап айтқанда, 800-950 мың теңге көлеміндегі айлыққа «сату бөлімінің басшысы», «сапа жөніндегі инженер», «тіс дәрігері» мамандықтарына сұраныс бар. Ал 85 мың көлеміндегі жалақыға «еден жуушы», «вахтер», «қосалқы жұмысшы», «аула сыпырушы» және т.б. жұмысшылар іздестіріліп жатыр.
Ал, алматылықтар негізінен мұғалім, бухгалтер, қаржыгер, сату жөніндегі менеджер, кассир, сатушы және т.б. жұмыс орындары бойынша вакансия іздейді.
Жалпы Еңбек мобильділігі орталығына жыл басынан бері 58 765 азамат жүгініп, 43 171 азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның ішінде 21 182 азамат жұмыспен қамтылған.
- Орталық өңірдің жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысқа талдау және болжам жасайды, халықты өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етеді және мансап орталықтарын басқарады. Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілер мен жұмыссыз азаматтарға еңбек делдалдығын қамтамасыз ету мақсатында мансап орталықтары арқылы қызметтер көрсетеді, - деп хабарлады мекемеден.
Айта кеткен жөн, Еңбек мобильділігі орталығы келесі қызметтерді ұсынады:
1. Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу;
2. Жұмыссыз ретінде тіркелу;
3. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдамалар беру;
4. Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ақпарат беру;
5. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау.
Еске салайық, бұған дейін жұмысшылардың жалақысы қаншалықты өскенін жазғанбыз.