Алматыда қандай жаңа мәдени нысандар салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін — Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні.

Кәсіби мерекеге орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев өнер мен руханият саласындағы жетістіктерді саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздің мәдени астанасы — Алматыда 12 театр, 35 кітапхана, 25 музей, 20-ға жуық кинотеатр мен өзге де мәдени ошақтар жұмыс істейді. Алматы әкімдігіне қарасты мекемелер қатарында — «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемлекеттік қуыршақ театры, «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдары, Қазақ мемлекеттік циркі, 8 музейден тұратын Алматы музейлер бірлестігі, Мемлекеттік архив, Алматы хайуанаттар бағы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кіретін 28 кітапхана бар. Бұл ұйымдарда 2 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді.
Мәдениет басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта Алматыда мәдени нысандардың саны артады. Атап айтқанда:
— Жуырда жастар театры мен жаңа көрме орталығының құрылысы басталады.
— Инклюзивті мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
— Боралдай қорғандарында Сақ мәдениеті орталығының құрылысы басталады.
— ТМД елдері ішінде алғашқы Балалар ғылым музейі мен Observatorium музейінің ашылуы, Райымбек батыр кешенін музейлендіру мен Алматы музейінің жаңа экспозициясын қалыптастыру жұмыстары басталады.
Сонымен қатар 2029 жылға дейін қалада өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен жабдықталған 20 жаңа кітапхана ашу көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда алғашқы Ғылым музейінің құрылысы қашан басталатынын жазғанбыз.