Алматыда қанша оқушы папиллома вирусына қарсы вакцина алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 30 қыркүйек пен 14 қаңтар аралығында Алматы мектептерінде 6000 -нан астам оқушы қызға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында онколог Райхан Болатбекова айтты.

Алматы Онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекованың айтуынша, Қазақстанда жатыр мойны обырын скринингтен өткізудің ұлттық бағдарламасы бар, ол 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге цитологиялық зерттеуді пайдалана отырып жүргізіледі.
– 2024 жылдың қыркүйегінен бастап мектептерде ата - аналарының келісімімен жасөспірім қыздарды вакциналау бағдарламасы басталды. 30 қыркүйек пен 14 қаңтар аралығында мегаполис мектептерінде 6 мыңнан астам жасөспірім қыз вакцинацияланды, – дейді дәрігер.
Спикердің сөзінше, жатыр мойны обыры (ЖМО) әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі.
– Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің мәліметтері бойынша, әлемде 2020 жылы бұл аурудың 604 000 жаңа жағдайы тіркелді, бұл белсенді профилактиканың қажеттілігін көрсетеді. Республикада ЖМО онкологиялық аурулар бойынша екінші орында, жыл сайын 2000-нан астам әйел аурады. Алматыда 2024 жылы жатыр мойны обырының 206 жағдайы анықталды. Ауру негізінен репродуктивті жастағы әйелдерге әсер етеді, 40-44 жастағы әйелдер арасында көбірек кездеседі,–деді Райхан Болатбекова
Онкологтар жатыр мойны обырының дамуының негізгі себебі-адам папилломавирусы екенін айтады. Аурудың 97% - ы осы вируспен байланысты.
Осыған дейін елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек АПВ-ға қарсы вакцина алғаны туралы жазған едік.
Еске салсақ, аталған қауіпті инфекцияның таралу статистикасы қандай, бұл вирус не үшін қауіпті және неге екпе алу қажеттігіне қатысты біздің агенттік шолу жасаған еді.Толығырақ сілтемеге өтіп, танысуға болады.