Алматыда қанша жасөспірім папиллома вирусына қарсы екпе алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.
«Қалада 11 жастағы 1 724 қыз вакцинацияланды, ал қосымша иммундау шеңберінде 12 және 13 жастағы 2 340 жасөспірім екпе алды. Вакцинация ата-аналардың тек жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Процедурадан бұрын әр баланы қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін дәрігер тексереді. Бүгінге дейін қыздарда екпінің ешқандай кері әсері байқалған жоқ», - деді спикер.
Айтуынша, вакцинацияны Алматы мектептеріндегі көшпелі медициналық бригадалар жүргізіп жатыр, олар 41 медициналық ұйымға бекітілген және 251 мемлекеттік және жекеменшік мектепті қамтиды.
«HPV-ге қарсы вакцинация Үкіметтің 2024 жылғы ақпанда қабылданған қаулысына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілген. Бағдарлама ДДҰ, ЮНИСЕФ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен республикалық бюджет қаражатына іске асырылуда», - деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Осыған дейін елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек АПВ-ға қарсы вакцина алғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның денсаулыққа әсері зерттеліп жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жыл сайын жатыр мойны обырына 2 мың адам (әйел) шалдығады, оның 600-ге жуық қайтыс болады.