Алматыда қара жаңбыр жауған – эколог түсініктеме берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда кеше, 8 желтоқсан күні қар аралас жаңбыр жауды.
Қаланың таулы аймағында қар, ал орталық пен төменгі жағында жаңбыр жауды. Әлеуметтік желі қолданушысы кеше болған жауын-шашыннан кейін киімінде қара дақтардың пайда болғанын жазды. Оның айтуынша, бірінші рет қара жаңбыр жауғанын көрген. Айтылған жазбаға өзге де алматылықтар пікір қалдырып, ұқсас құбылысты байқағанын айтты.

Kazinform агенттігі бұл дерек бойынша Алматы қаласының экология департаментіне жүгініп, түсіндірме сұрады. Департамент басшысы Дінмұхамед Лесбековтың жауабына сәйкес, кейінгі апталарда Алматы қаласында жауын-шашынның болмауы салдарынан атмосферада ластаушы заттар: шаң-тозаң, автомобиль және өндірістік шығарындылар әдеттегіден көп жиналып қалған. Желсіз ауа райы бұл бөлшектердің төменгі ауа қабатында тұнып қалуына әсер еткен.
– Кеше жауған жаңбыр алғашқы «тазарту жаңбыры» ретінде атмосферадағы осы жинақталған бөлшектерді жерге шайып түсірді. Мұндай кезде жаңбыр тамшылары ауадағы күйе мен шаң бөлшектерін өзіне сіңіріп, жерге түсіреді. Соның нәтижесінде ашық түсті киімдерде, терезелерде немесе көліктердің үстінде қара түсті дақтардың қалуы – қалыпты физикалық құбылыс, - деді ол.

Дінмұхамед Лесбеков бұл құбылысты «лас жаңбыр» немесе «күйе араласқан жаңбыр» деп атауға болатынын атап өтті. Айтуынша, ол – жаңбырдың химиялық уыттылығын білдірмейді, бірақ ауада зиянды бөлшектердің көп болғанын көрсетеді.
– Жаңбыр ауадағы ластағыш бөлшектерді төменге түсіреді – бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген «дымқыл тұну» процесі. Егер жаңбыр химиялық қауіпті немесе қышқыл сипатта болған жағдайда ерекше иіс, металдың коррозиясы, өсімдіктердің күйюі сияқты белгілер байқалар еді. Қазіргі жағдай оған жатпайды, - деп түсіндірді департамент басшысы.
Сондай-ақ ол атмосфералық ауа сапасының мониторингі тұрақты негізде жүзеге асырылатынын атап өтті. Қалада ауаның жағдайын жедел бақылауға мүмкіндік беретін 16 мониторинг станциясы жұмыс істейді. Өзекті ақпаратты AirKz мобильді қосымшасынан немесе AirKaz.org сайтынан алуға болады.
Ал Алматы әкімдігі кешегі жаңбырдан кейін IQAir деректеріне сәйкес, қаланың ластану көрсеткіші едәуір жақсарғанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық нормаларды бұзған жүргізушілерге 653 млн теңге айыппұл салынды.