Алматыда Қарасай көшесінің бір бөлігі жаңарған аллеяға айналады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қарасай батыр көшесі жаяу жүргіншілердің аллеясына айналады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір Наурызбай батыр көшесінен Абылай хан даңғылына дейін Қарасай батыр көшесінің бойында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Қала орталығында орналасқан көше жаңа сипатқа ие болып, жайлы және көгалдандырылған кеңістікке айналады.
– Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қолға алынды. Ол жақын маңдағы жаңартылған Қарағайлы скверімен жалғасқан. Бұл екі кеңістік бірігіп, қаланың жасыл инфрақұрылымының өзара байланыстыратын біртұтас жаяу жүргіншілер мен демалыс аймағын құрайды, - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, бұл аумаққа соңғы рет жөндеу жұмысы 2017 жылы жүргізілген. Тұрғындардың өтініші негізінде мұнда 2025 жылдың сәуірінде күрделі жөндеу жұмысы басталған. Қазір жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Қалған жұмыстар шілденің алғашқы онкүндігінде аяқталады деп жоспарланған.
– Абаттандырудың жалпы аумағы – 8 500 м². Оның 8 200 м² жуығы көгалдандырылды. Сонымен қатар 206 метр бордюр мен 1 947 метр поребрик орнатылды. 18 жаңа орындық пен жаңа үлгідегі 28 шам орнатылды. 3 200 м² ескі жабын алынып тасталып, 10 ағаш кесілді. Бұл көшенің табиғи келбетін сақтап қана қоймай, оның экологиясын жақсартуға да сеп болмақ, - деді аудан әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Президент резиденциясының орнындағы саябақ құрылысына 2,2 млрд теңге жұмсалатынын жазғанбыз.