Алматыда Қарасу жағалауы қалай абаттандырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Қарасу өзенінің жағалауы абаттандырылады. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында жобаның эскиздері ұсынылды.

Ерболат Досаев Жетісу ауданында екі жаңа саябақ аймағы пайда болатынын атап өтті.
– 2025 жылдың маусым айында Кемел шағын ауданында 12 га жағалауды абаттандыру жұмыстары басталады, қыркүйек айында Айнабұлақ шағын ауданында 10 га саябақ аймағын абаттандыру жобасы қолға алынады, – деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, 2024 жылы Жетісу ауданында Есентай өзені бойынша Көкмайса, Көкжиек шағын аудандарында және Кедровая көшесінде жалпы ауданы 24,6 га 3 жаңа саябақ-жағалау аймағы салынады.

Сонымен қатар, Алматы әкімі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру бойынша жоспарларын айтты. Биыл 30 жоба жүзеге асырылады. Бұл - 22 қоғамдық кеңістікті, 4 аула аумағын және 4 басқа инфрақұрылым нысандарын абаттандыру.
– Биыл «Халық қатысатын бюджет» аясында 1200-ден астам ұсыныстың ішінен 30 жоба іріктелді. Осы бағдарлама бойынша біздің қаламызда ең көп өтінім Жетісу ауданының тұрғындарынан түскенін ерекше атап өткім келеді. Бұл үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді әкім.

Үш жыл ішінде Алматыда ХҚБ бағдарламасы аясында 39,1 млрд теңге сомасына 938 жоба іске асырылды.

2025 жылы осы мақсаттарға 17,1 млрд теңге бөлінді.
Еске салайық, былтыр Есентай өзені арқылы өтетін көлік көпірі апатты деп танылып, орнына жаңасы салынған болатын.