Алматыда қараусыз қалған аурухана қашан жөнделеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысында бұрынғы темір жол ауруханасы орналасқан. Көп жылдар қараусыз қалған ғимараттың бүгінгі жағдайы нашар. Ғимараттың қабырғасы көгеріп, есік-терезесі сынған.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2023 жылдың тамыз айында бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратында балаларды оңалтудың қалалық орталығы ашылатынын айтты.

- Бұл жоба бойынша “Қазреставрациядан” келісім алуға біраз уақыт кетті. Біздің жобамыз мақұлданып, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Келесі жылы жұмыстар басталады. Жобаға қаражат бөлінді. Ол жерде расымен балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылады. Барлық жұмыстар Алматы қаласының даму жоспарына сәйкес жүреді. Нысанның тарихи келбетін қалпына келтіруді өзім қадағалаймын. Ал орталықтың ішін заманауи жабдықтармен жабдықтап, балаларға қолайлы жағдай жасаймыз», - деп атап өтті Ерболат Досаев.
Қала басшысының сөзінен кейін ғимарат аумағы қоршалып, нысан паспорты ілінген болатын. Паспорт бойынша жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы қажет.

Алайда белгіленген мерзімнен 1 ай өтсе де, құрылыс жұмыстары басталмады. Осыған орай, аурухана аумағын тексеріп көрген Kazinform тілшісі ғимарат шатырында мемлекеттік тудың құлап жатқанын және қоршаудың кей тұстары бұзылғанын анықтады.
Жөндеу жұмыстарының уақтылы басталмауына байланысты Алматы әкімдігіне сауал жолдадық. Әкімдіктің баспасөз қызметі қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталмағанын хабарлады.

- Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің 90%-ы аяқталды. Медициналық құрал жабдықтар бойынша қабылданған шешімдер тиісті мемлекеттік ұйымдармен келісіліп жатыр. Одан әрі қарай әзірленген жобалау сметалық құжаттама Мемлекеттік сараптамадан өтеді. Құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылдың қазан айына жоспарланған, - делінген қала әкімдігінің жауабында.

Айта кетейік, редакция тарапынан жолданған сауалдан кейін ғимарат шатырындағы мемлекеттік туды әкімдік қызметкерлері алып тастады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда үйсіз адамдардың азайғаны туралы жазып, онда бұрынғы темір жол ауруханасының ішін көрсеткен едік.