Алматыда Қарғалы өзенін ластағандар іздестіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін Жандосов көшесі мен Абай даңғылының арасындағы аумақта Қарғалы өзеніндегі судың түсі өзгергені байқалды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, көпірден өзенге жасыл түсті химиялық зат төгілген болуы ықтимал.
Алматы қаласының Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары оқиға орнын тексеріп шықты. Заттың құрамын анықтап, өзеннің қаншалықты ластанғанын білу үшін Экология департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары су сынамасвн алып, зертханаға жіберді.
— 2025 жылы 5 тамыз күні Алматы қаласының Экология басқармасы, Наурызбай ауданы әкімдігі, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бірлесіп, бұл жағдайдың себебін және кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізбек, — делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі таңда өзен арнасындағы су табиғи арнасымен ағып жатыр, ластану мен түсінің өзгеру белгілері жоқ.
Айта кетелік Алматыдағы Қарғалы өзенінің арнасы 2026 жылға дейін қайта жөнделетіні туралы жазған едік.