Алматы қашан 100 пайыз орталықтандырылған су жүйесіне көшеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ескі су құбырлары жаңасына ауыстырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай айтты.

Оның айтуынша, қалаға 6 су ұңғысы арқылы су келеді, оның қуаты - 1,3 млн м³. Алайда мегаполис бір тәулікте 700 мың м³ су тұтынады. Сондықтан 2024 жылы 294,3 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 51,5 шақырым ескі желі жаңғыртылған.
- Осылайша құбырдың тозу деңгейі 53,8%-дан 52,8%-ға дейін төмендеп, орталықтанған сумен қамту да 99,6%-ға жетті. 2025 жылдың соңына дейін тағы 260 шақырым су желісін салу жоспарланып отыр. Бұл сумен қамтуды 99,9%-ға дейін арттырып, тозуды 52,2%-ға дейін азайтпақ. Сонымен қатар тәулігіне 90 мың м³ қуаттылыққа ие «Ақсай», «Ерменсай» су ұңғымаларының құрылысы жүріп жатыр, - деді ол.
Сондай-ақ Нұрбақыт Серікбай 2025 жылдың соңына дейін 87 шақырым кәріз желісін қайта жаңғыртып, салу жоспарланғанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда сумен қамту нысандарының құрылысы қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.