09:46, 30 Қыркүйек 2025 | GMT +5
Алматыда кәсіпкердің үйін тонаған қарақшылар тобы ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Криминалдық полиция қызметкерлері жеке кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық қылмысты ашты.

— 12 қыркүйекте күдіктілер маска киіп, жеке үйге кірген. Шығын - 500 миллион теңге. Жедел жұмыс нәтижесінде Алматы қаласы және Алматы облысының үш тұрғыны ұсталып, қамауға алынды, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

ІІМ мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің биыл Алматы облысының аумағында және өткен жылы Алматы қаласында жасалған екі ұқсас ашылмаған қылмысқа қатысы бары анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 6 жасар баланы ұрған бұрынғы қоғамдық кеңес мүшесі жазаланды.