Алматыда Қастеев музейі жанындағы ірі шыршалар неліктен тамырымен қоса алынып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көшедегі шыршалардың алынуы тұрғындарды алаңдатты.
Желі қолданушысы Сәтбаев көшесінің бойында, Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің жанындағы ірі шыршалар кесіліп жатқан болуы мүмкін екенін жазды. Өзге тұрғындар да жазбаға пікір білдіріп, алаңдаушылық білдірді.
Аталған жазбаға Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, бұл аумақта шыршаларды кесу емес, қылқан жапырақты ағаштарды басқа жерге көшіріп отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қажеттілігі ағаштардың бір-біріне тым жақын орналасуына байланысты туындаған.
— Мұндай жағдай олардың толыққанды өсуіне және одан әрі дамуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ шыршалар ортақ пайдаланылатын жерлерге жатпайтын, заңды тұлғаға тиесілі аумақта өсіп тұр. Ағаштарды көшіріп отырғызу жұмыстарын заңды тұлға белгіленген тәртіппен келісе отырып ұйымдастырды, — делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар жұмыстарды орындау барысында қажетті агротехникалық талаптар мен қылқан жапырақты ағаштарды көшіріп отырғызу технологиясы сақталғаны атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы ботаникалық бағында 72 жыл бойы өсіп тұрған ағаш кесілгенін жазғанбыз.