Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының санитарлық қызметі қатты отынмен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарына 12 жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Алматының экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, 10 экологиялық құқық бұзу анықталды. Жеті нұсқама беріліп, екі факті бойынша материалдар сотқа жолданды. Барлығы 1 887 360 теңге көлемінде сегіз әкімшілік шара қолданылды.
Eco Almaty ЖШС мамандарының айтуынша, мұндай нысандар шамадан тыс түтін мен иіс шығарып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тудырады.
— Кәуапхана иелерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмысы жүргізіледі: қатты отынды пайдалануға тыйым салынған, ал газбен жұмыс істейтін жабдықтарда міндетті түрде сүзгілер орнатылуға тиіс. Eco Almaty тарапынан бақылау атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар санитарлық талаптар мен қаланы көріктендіру ережелерінің сақталуын бақылау аясында Экология және қоршаған орта басқармасы мен Алматы полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын қолданыстағы шектеулер туралы кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Жетісу ауданында жүргізілген тексеріс кезінде қатты отынмен жұмыс істеген бірнеше кәуапхана анықталып, айыппұл салынғанын жазғанбыз.