Алматыда кәуапхана иелеріне айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Жетісу ауданында жүргізілген тексеріс кезінде қатты отынмен жұмыс істеген бірнеше кәуапхана анықталды. 

шашлычная
Фото: Алматы әкімдігі

Жетісу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бірнеше кәуапхананың санитарлық нормаларды бұзғанын тіркеді. Тұрғындар қою түтін мен антисанитариялық жағдайға байланысты шағым түсірген.

Шағымдардың бірі Назарбаев көшесі, 28А мекенжайындағы нысанға қатысты болды. Тұрғындар нысандағы антисанитария мен мангалдан шыққан қалың түтінге наразылық білдірген.

«Тексеру барысында «Аяна» кәуапханасында бірқатар санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Олардың қатарында қызметті хабарлама бермей жүргізу, қатты отынмен жанатын мангалды пайдалану, қоқыс контейнерінің болмауы, дератизация шараларының жүргізілмеуі, нысан ішінде ұшатын жәндіктердің болуы сынды бұзушылықтар бар», - деп хабарлады басқарма.

Нысан иесіне 68 810 теңге айыппұл салынып, нұсқама берілді. Қайта тексеру кезінде талаптар орындалмағаны анықталып, сот қосымша 393 200 теңге айыппұл тағайындады.

Серіков көшесі, 41 мекенжайындағы «Алтын қазан» да тексерістен өтті. Кәуапхананың қатты отынмен жанатын мангалы тұрғын үйлерге жапсарлас орналасқан. Бұл санитарлық талаптарды бұзады және тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Басшылыққа 314 560 теңге айыппұл салынып, нұсқама берілді. Қайта тексеру кезінде мангал әлі де жұмыс істеп тұрғаны анықталып, сот 275 240 теңге қосымша айыппұл тағайындады.

«Осы мекенжайға қара күйе мен түтінге қатысты тағы да шағым түсті. Тексеру барысында бұзушылықтар қайта расталды», - делінген хабарламада.

Кәсіпкерге тағы бір хаттама толтырылып, 314 560 теңге айыппұл салынды. Материалдар мангалды пайдалануға тыйым салу мәселесін қарау үшін сотқа жіберілді. Сот қатты отынмен жанатын мангалды қолдануға тыйым салу туралы шешім шығарды.

Аудандық санитарлық бақылау басқармасы мұндай бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жалғасатынын мәлімдеді. Себебі қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар шамадан тыс түтін шығарып, ауа сапасын нашарлатады және санитарлық нормаларды бұзады.

Айта кетейік, Алматыдағы бірқатар ірі сауда желісі бағаны негізсіз өсіргені үшін жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар