Алматыда «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчын көруге арналған фан-аймақтар бола ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM — УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйек күні Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді.

Бұл матч қазақстандық жанкүйерлер арасында ерекше қызығушылық тудырып отыр. Ойын билеттері сатылымға шыққаннан кейін санаулы сағаттарда сатылды.
Ticketon коммуникациялар директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, сатылымның шарықтау шегінде платформада бір мезетте 1 млн қолданушы болған.
Осы орайда, футболдан әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарда стадион сыртында жанкүйерлердің жиналып, ойынды бірге тамашалауға мүмкін беретін фан-аймақтардың ұйымдастырылуы туралы Алматы әкімдігінен сұрадық.
— Әкімдік жағынан фан-зоналар қарастырылмаған. «Қайрат» футбол клубы тарапынан да ұйымдастырылмайды, — деп хабарлады қала әкімдігі.
Еске салайық, матч алдында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың дайындығы туралы айтты.
Сондай-ақ Backstreet Boys концертінен кейін Орталық стадион көгалы қандай жағдайда екенін жазғанбыз.