Алматыда қазақ және қытай суретшілерінің туындылары қойылған халықаралық көрме ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Жібек жолының шексіз бұлттары. «Бір белдеу, бір жол»: Алматы бекеті» атты халықаралық көрме ашылды. Көрмені музей ұжымы Шанхай өнер коллекциясы музейімен (SACM) бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық жоба бұған дейін 2024 жылы Тегеранда, 2025 жылы Ташкентте таныстырылған. Алматы көрмені қабылдаған үшінші қала болды.
Көрмеге қазақстандық және қытайлық суретшілердің екі елдің мәдени дәстүрлері мен қазіргі бейнелеу өнерінің бағыттарын қамтитын еңбектері қойылды.
Қазақстандық топтама Әбілхан Қастеев атындағы музей қорында сақталған заманауи суретшілердің туындыларынан жасақталған. Ал Қытай топтамасынан дәстүрлі кескіндеме туындыларын, көне қабырға суреттерінің нақыштарын және заманауи әдістермен орындалған шығармаларды көруге болады.
Жоба екі елдің мәдени байланысын нығайтуға, музейлер арасындағы әріптестікті дамытуға және өнер мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Көрменің Қазақстанда өтуінің өзіндік мәні де бар. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру бастамасы алғаш рет 2013 жылғы қыркүйекте елімізде көтерілген еді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, көрме 2026 жылғы 18 қарашаға дейін жалғасады.
Бұған дейін Алматыда тау спортының аңыздарына арналған көрме ашылғанын жазған едік.