Алматыда Қазақстан-Ресей екінші медиафорумы өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Қазақстан-Ресей екінші медиафорумы ұйымдастырылды. Оған екі елдің жетекші медиақұрылымдарының басшылары қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары — Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков медиафорум қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі.
— Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзгелерге үлгі боларлық сипатта екенін үнемі атап өтеді. Осындай өте жоғары деңгейдегі ықпалдастықты сақтау екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытындағы күнделікті жүйелі жұмысты қажет етеді, — деп атап өтті Ерлан Қарин.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің елеулі нәтижелері туралы айтты және БАҚ саласындағы ынтымақтастыққа тоқталып өтті.
— Әлемдегі түбегейлі өзгерістер мен ақпараттық күн тәртібінің тұрақты жаңаруы жағдайында бізді ортақ мақсат жолында біріктіретін және алға бастайтын дүниелерді сақтап, әрі қарай дамытуымыз керек, — деді.

РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, мәдениет пен медиа саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда Ресей тарапы Қазақстан Президентінің қараша айында өтетін мемлекеттік сапарына дайындалып жатыр. Құжаттардың көлемді пакетіне қол қою жоспарланған.
— Әлемде болып жатқан оқиғалар аясында ақпараттың рөлін асыра бағалау мүмкін емес, сонымен қатар бұл біздің елдер арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту тұрғысынан да аса маңызды. Осы орайда форумның тұрақты сипат алғаны қуантады. Бұл ретте қазақстандық тарапқа да, ТАСС агенттігіне де осы форматты дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғысымды білдіремін. Менің ойымша, форумға қолданбалы сипат беру өте маңызды. Пікірталас әрқашан пайдалы, екі елдің БАҚ өкілдері бас қосып отырғандықтан, біздің үкіметтерге риториканы жетілдіру, ынтымақтастықтың жаңа форматтарын құру, мәселелерді жою тұрғысында қандай ұсыныстар беру керектігін олардан артық кім біледі және, шын мәнінде, мұны үкіметтен талап ету де БАҚ-тың міндеті, — деді Дмитрий Песков.
Іс-шараның пленарлық бөлімінде Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрінің орынбасары Бэлла Черкесова, Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева және ТАСС ақпарат агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашов сөз сөйледі.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумда Қазақстанның тату көршілік саясатын дәйекті түрде ұстанатынын, бұл оның ақпараттық саясаты мен ашықтығының жоғары деңгейінде айқын көрінетінін атап өтті. МИР және МИР24 телеарнасының қазақстандық бөлімшесі жыл сайын телебағдарламалардың 10-нан астам циклын, 15-20 деректі фильм және 1600-ге жуық жаңалық сюжетін шығарады. Соның нәтижесінде қазақстандық медиаконтент Ресейдің 20%-ындай аумағын қамтып отыр.
— Бүгінде ортақ тарихи белестерге, көрнекті тұлғаларға, бай мәдени мұраға, туристік мүмкіндіктерге, мемлекет жетістіктеріне арналған бірлескен жобалардың ауқымын кеңейту маңызды, — деп атап өтті министр.
Талқыланған маңызды бағыттардың бірі БАҚ-та жасанды интеллектіні пайдалану, сондай-ақ жалған ақпараттың әдейі таралуына қарсы әрекетті үйлестіру мәселелері болды. Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева қазақстандық-ресейлік медиафорум өзара іс-қимылды кеңейтуге және тәжірибе алмасуға ықпал ететін жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын атап өтті.
— Бірлескен жұмыс барысында біз назарда ұстайтын негізгі мәселе — медиа саласындағы деструктивті үрдістерге, фейктердің таралуына қарсы тұру. Бүгін барлық спикер атап өткендей, жасанды интеллект арқылы тарайтын фейктер бар. Бұл жұмыстағы ең маңызды құрал — сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, халықтың қаржылық, ақпараттық және басқа да салалардағы сауаттылығын арттыру, — деді Раушан Қажыбаева.
ИТАР-ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов ТАСС сенімділік пен контент сапасының жоғары стандарттарын сақтай отырып, жалған ақпараттың таралуымен дәйекті түрде күресіп отырғанын атап өтті.
— Біз халықаралық фактчекинг қауымдастығына қосылуға шақырамыз. Блогерлер, фрилансерлер, журналистер, интернет-платформалар — барлығы да қосыла алады. Ол нақты жұмыс істейді және оған көз жеткізе аласыз. Бұл ретте біз қазақстандық әріптестерімізбен белсенді жұмыс істеп келеміз және көршілерімізге қызығушылық танытып отырмыз. Өткен жылы ТАСС Қазақстан туралы 6 мыңға жуық, ал 2025 жылдың басынан бергі уақыттың өзінде 5 мыңға жуық материал шығарды. Бұл жарияланымдарға Ресейде де, шетелде де белсенді сілтеме жасалды, — деді ол.
Президенттің Телерадиокешені ұйымдастырған бұл іс-шара 2024 жылғы қарашада Мәскеуде өткен Қазақстан-Ресей бірінші медиафорумында ИТАР-ТАСС көтерген бастамалардың жалғасы саналады.
Медиа-форумға Қазақстан тарапынан ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров қатысты. Ресей делегациясының құрамында РФ Мемлекеттік думасының депутаты Марина Ким, Цифрлық даму, коммуникациялар және бұқаралық коммуникациялар министрінің орынбасары Белла Черкесова болды. Сондай-ақ ірі қазақстандық және ресейлік БАҚ басшылары қатысты.