Алматыда келесі жылы электр көліктерін қуаттайтын 150 құрылғы орнатылады

Алматыда VIII шақырылған Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

электроавто
Фото: pixabay.com

Жиын барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол инфрақұрылымын жақсарту мен қоғамдық көлікті дамыту жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, биыл қаланың 70 көшесінде 25 шақырым жаңа жол салынды. Келесі жылы Ақжар, Алғабас, Әлмерек, Қайрат, Шаңырақ-1, Шұғыла, Рахат-Мәдениет, Теректі шағын аудандарында барлығы 70 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Биыл 200 шақырым жол орташа жөндеуден өтсе, келесі жылы қаланың жаңа аудандарында 23 млрд теңгеге 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, газ бен электр тартқышқа ауыстыру арқылы қоғамдық көліктерді экологияландыру жұмыстары басталды. Биыл 750 экологиялық таза автобус сатып алынды, оның 600-і қалалық бюджет есебінен алынды. Соңғы 11 жылда Алматыда алғаш рет троллейбус паркін жаңарту басталып, 100 троллейбус сатып алынды. Бұл ретте, келесі жылдан бастап Алматыда дизельді автобустар сатып алынбайды. 2024 жылы жалпы сомасы 88,3 млрд теңгеге тағы 600 автобус, 100 троллейбус, сонымен қатар, 100 электробус, 2025 жылы тағы 100 электробус сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала әкімі электр көлігін дамыту үшін 2024 жылы тротуарлық және алаңдық автотұрақтарда 150 электр қуаттау құрылғысы орнатылатынын, ол үшін 10 әлеуетті жеке инвестор тартылғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар